Астанада атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында жыл сайын шамамен 200 мың адамға әлеуметтік көмек беріледі. Бұл туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басқарма басшысы Илья Скуб елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

АӘК
Фото: Астана әкімдігі

Оның сөзінше, әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға тегін қызмет көрсету мен ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі.

— Әлеуметтік қолдау көрсетудің негізгі тетіктерінің бірі — атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Ол жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. АӘК еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға ынталандырып, кедейлік шегінен шығуға мүмкіндік береді, — деді Илья Скуб.

Басқарма басшысы 2025 жылдың басынан бастап елордада АӘК 1 506 отбасыға (7 768 адам) тағайындалғанын атап өтті. Оның ішінде шартсыз көмек 780 отбасыға, шартты көмек 887 отбасыға берілді. Ал 350 отбасыға өтініш қанағаттандырылмаған. Салыстырар болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 614 отбасыны (13 269 адам) қамтыған.

— АӘК-ке қосымша ретінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 1,5 АЕК мөлшерінде төлем тағайындалады. 2025 жылы бұл төлем 5 898 теңгені құрайды, — дейді ол.

Илья Скубтың айтуынша, АӘК алушылар арасындағы еңбекке орналасу үлесі 65,7%-ды құрап отыр. Бұл жоспарға толық сәйкес келеді. Жыл сайын көрсеткіштің төмендеуі — еңбекпен қамту шараларын іске асыру және жеке кәсіп ашуға жағдай жасаудың нәтижесі.

Сонымен қатар, АӘК жүйесін жетілдіру үшін бірқатар цифрлық шешім енгізілген. Мәселен, учаскелік комиссиялардың жұмысын жеңілдететін FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылды. Ол тексеру рәсімдерін жеделдетіп, деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, 2023 жылдан бері қолданылып келе жатқан Цифрлық отбасы картасы азаматтардың әл-ауқат деңгейін 84 көрсеткіш бойынша бағалайды.

— Әлеуметтік қолдаудың басты мақсаты — тек көмек көрсету ғана емес, азаматтарды жұмыспен қамтуға тартып, кедейлік шеңберінен шығару. Жаңа цифрлық шешімдер бізге әлеуметтік саясатты әділетті әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.

Спикер өз сөзінде Астана қаласы бойынша 2025 жылдың 4-тоқсанында кедейлік шегі 45 541 теңге болып белгіленгенін айтып өтті. 

Бұдан бұрын Еңбек министрлігі АӘК-ті проактивті тағайындауда ЖИ-ні қолданатынын мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар