Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі маусымын Түркістан облысының шаруалары ашады

АСТАНА. KAZINFORM - Елордада өңірлік тауар өндірушілердің қатысуымен жыл сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталады. Жәрмеңке 26 қазанға дейін әр сенбі және жексенбі күндері өткізіледі, деп жазды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі маусымын Түркістан облысының шаруалары ашады
Фото: Астана әкімдігі

Алғашқы жәрмеңке 30 тамыз күні өтеді. Онда Түркістан облысының шаруалары өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынады. Іс-шара барысында ет, балық, сүт, бакалея өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек сынды әртүрлі тауарлар фермерлерден тікелей сатылымға шығарылады.

Бұл азық-түлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға да ықпал етеді. Атап айтқанда, Түркістан облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілері Астанаға 600 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде 200 тонна көкөніс, 100 тонна ет пен ет өнімдері, 100 тонна сүт өнімдері, 80 тонна бақша дақылдары, 50 тонна жеміс-жидек, 19 тонна балық, 12 мың дана жұмыртқа және 60 тоннадан астам басқа да азық-түлік өнімдері бар.

Жәрмеңке аясында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылады. Айта кету керек, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) өтеді.

Тұрғындар мен қонақтардың қолайлы келіп-кетуі үшін жәрмеңке күндері №18, 37 және 303 бағыттағы автобустар қатынайды.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Айта кетейік, Астанадағы жәрмеңкеде 1000-нан аса бос орын ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар