Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы, Азия чемпионы және халықаралық дәрежедегі төреші Мадина Астамирова жарыстағы төрешілер құрамы мен допингке қарсы жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді.
Оның айтуынша, төрешілікті дамыту федерацияның басым бағыттарының бірі.
— Қазақстан чемпионатында барлығы 36 төреші қызмет атқарды, олардың 28-і халықаралық санатқа ие. Төрешілер алқасын бас төреші Руслан Сергеев басқарды, ол өте тәжірибелі маман, ешбір аймаққа қатысы жоқ және шешімнің әділ қабылдануын қамтамасыз етеді, — деді ол.
Мадина Астамирова ауыр атлетикада даулы жағдайлардың сирек кездесетінін атап өтті.
— Негізгі мәселелер көбіне техникаға байланысты туындайды, мысалы, шынтақты толық жазбау немесе спорттық киім үлгісі. Барлық шешім алқалы түрде қабылданады. Ал егер пікір қайшылығы болса, соңғы шешім бас төрешінің құзырында қалады, — деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ ол сәтті жасалған тәсілден кейін спортшылардың эмоциялық қимылдарына қатысты пікір білдірді.

— Эмоциялық қимылдарға ереже бойынша тыйым салынбайды. Төреші тек қауіпсіздік тұрғысынан ғана ескерту жасай алады. Штанганы көтеріп тұрғанда еш нәрсеге алаңдауға болмайды, — деді федерация өкілі.
Федерацияның бас хатшысы соңғы екі жылда допингке қарсы күрес негізгі реформалық бағытқа айналғанын еске салды.
— Оң нәтиже берген сынамалар саны шамамен 95 пайызға қысқарды. Бұл Қазақстанның допингке қарсы орталығымен бірлесіп жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі, — деп атап өтті ол.
Мадина Астамированың айтуынша, федерация бақылауды айтарлықтай күшейткен.
— Біз бір жылдағы тексеру көлемін 500 сынамаға дейін арттырдық. Бірде-бір спорт түрінде спортшылар осыншалықты жиі әрі көп тексерілмейді, оған қоса халықаралық бақылау да бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бес оң нәтиже тіркелді, негізінен зәр айдайтын дәрілер мен медициналық препараттар. Әрбір жағдай бойынша ішкі тексеру жүргізіледі, — деді ол.
Сонымен қатар, тәртіптік шаралардың қатаң қолданылатынын айтты.
— Егер жаттықтырушы не спортшы ережені бұзса, тіпті дәрілік препараттарға қатысты болса да, біз міндетті түрде санкция қолданамыз. Біздің түпкі мақсатымыз заң бұзу тәуекелін толық жою және таза спортты қамтамасыз ету, — деп қорытындылады Мадина Астамирова.
Айта кетелік Любовь Ковальчук ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы атанды.