14:45, 16 Қазан 2013 | GMT +5
Астанада аусыл бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы жөніндегі ұйымның Үйлестіруші Орталығын құру жөнінде келісімге қол қойылды
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков Халықаралық эпизоотикалық бюросының (ХЭБ) бас директоры доктор Бернард Валламен Астана қаласында аусыл бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы жөніндегі ұйымның Үйлестіруші Орталығын құру жөнінде келісімге қол қойды.

«Алғашқы қадам жасалды, біз Астанада кеңсе құру туралы келісімге қол қойдық. Келесі қадам бойынша биыл жыл соңына дейін сол Үйлестіру орталығы кеңсесінде қызмет ететін команда құрылады. Оның құрамына қазақстандық мамандармен қатар, халықаралық сарапшылар да кіреді», - деді Б. Валла шара барысында.
Оның айтуынша, ХЭБ-тің әлем бойынша осы іспеттес 13 орталығы бар. Ал 14-ші орталықтың дәл Астанада құрылуы кездейсоқтық емес екенін атап өткен ХЭБ Бас директоры, Қазақстанның жануарлардың аса қауіпті ауруларымен күресіне оң баға берді.
Айта кету керек, ХЭБ Үйлестіру орталығын құрудағы басты мақсат Ортаазия елдерінде және оған шекаралас аудандардағы аусылды бақылауды күшейту үшін аймақтағы құзырлы ветеринарлық қызметті үйлестіру болып отыр.