Астанада аутизм тақырыбындағы алғашқы спектакльдің тұсаукесері өтті
АСТАНА. KAZINFORM — «ÖzgeEpic» креатив хабында аутизм тақырыбына арналған еліміздегі алғашқы сахналық қойылым — «Құштар» спектаклінің тұсаукесері болды.
 
                                              Қойылым психологтер, инклюзивті білім беру мамандары, әлеуметтанушылар мен заңгерлердің қатысуымен, әлеуметтік және ғылыми деректерге сүйене отырып жасалған.

Актриса Гүльмира Жакилина спектакльдің идеялық салмағы мен дайындық барысы туралы айтты.
— Зерттеуден кейін актерлерді жинап, дайындық кезеңін бастадық. Аутизм диагнозы бар балалар мен олардың ата-аналарына қоғамның жылы қабақ танытуы — біздің басты миссиямыз. Біз жасаған ісіміз кішкене болса да әсер етсе екен дейміз, — деді ол.
Спектакльде ерекше баланың рөлін сомдаған актер Марғұлан Нашанов бұл тақырыптың ауыр болғанын жеткізді.

— Қиын сәттері көп болды. Ең бастысы — қабылдау қиын. Бірақ дайындық кезінде ата-аналардың өмірлік тәжірибесі бізге көп көмек болды. Аутизм — ауру емес, әлемге басқа қырынан қарау деп білемін, — деді актер.
Қойылымның режиссері Шырын Мұстафина бұл туындының кәсіби жолындағы ерекше белес екенін атап өтті.
— Бұл тақырып бізге басқа әлемді танытты. Әрбір дайындықта актерлер кейіпкерлерін жүрекпен сезінді. Мен өзім де реабилитациялық орталықтарға барып, балаларды зерттедім. Олардың әлемін түсіну — спектакльдің өзегі болды, — дейді режиссер.
Премьера соңында көрермен қойылым тақырыбы бойынша талқылауға қатысып, қоғамдағы инклюзия мен түсіністік мәселелерін бірге саралады.

Жоба «ÖzgeEpic» креатив хабының, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» түлектері бірігіп құрған Creativity Support Team — Креативті қолдау тобының бастамасымен жүзеге асқан.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабайдың айтуынша, жобаның дайындық кезеңі 8 айдан астам уақытқа созылып, 20-дан астам түрлі саланың мамандары қатысты.
Айта кетейік, Астанада аутизммен ауыратын 2000-дай бала бар.