Астанада «Ауыл» партиясының бастамасымен патриоттық флешмоб өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Ауыл» партиясының бастамасымен «Ауыл шаттығы» атты патриоттық флешмоб өтті. «Хан шатырдың» орталық алаңында қатысушылар күйді күмбірлетіп, жиналған көрермен халық мың бұралып би биледі.
None
None

Туған жермен, кең байтақ даланы көз алдына келтіретін "Сарыарқа" күйінен бастап, тыңдаушысын бай сазымен, кербез нақышымен, жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен баурап əкететін қазақтың күйлері бірінен соң бірі орындалды, деп хабарлайды «Ауыл» ХДПП баспасөз қызметі.
Бұл шара сауда орталығына келген халық үшін күтпеген сый болды. Күмбірлеген күйді естіп көбі орталық алаңға жиналып, қошеметтерін көрсетті. Сонымен қатар көрермендер шара жүргізушілерінің ұйымдастырған викториналық сұрақтарына белсенді түрде жауап берді. Әрбір ойналған күйдің авторы мен атауын таласа айтып өз білімдерін көрсетті.

Шара қатысушыларының бірі: «бұл мен үшін қызықты да тартымды шара болды. Бала кезден естіп өскен күйлер орындалып жатқанда мен қарап тұра алмадым. Өзім де қосылып билеп кеттім. Мұндай шаралар көп ұйымдастырылып тұруы керек деп ойлаймын. Бұл бойымыздағы қазақы рухты көтеруге сеп болады», деп атап өтті.

Көрермендер бойын күймен қыздырып алған соң, домбырашылар «Қара жорға» әнін орындап, «Ауыл» партиясының жастар қанатының мүшелері ортаға шығып, би биледі. Көрермендер де белсене атсалысып, әсерлі бидің ырғағымен, билеп кетті.

Мұндай шаралар адамдардың рухын нығайтып, дәстүрлі құндылықтарды насихаттап, жаңғыртуда септігін тигізеді, дейді партияның жастар қанатының мүшелері.

null

Соңғы жаңалықтар