Астанада «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында 19-21 қаңтар аралығында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өтеді, деп хабарлады Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасы.
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, үш күн бойы тәртіп сақшылары Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, Мемлекеттік кірістер департаментімен және қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп желіге шықпас бұрын қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын тексеріп, автобустарды нормативтер мен стандарттардың талаптарын бұзып басқару және пайдалану фактілерін, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауды анықтау бойынша шаралар, сондай-ақ, жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып медициналық және техникалық тексеру шараларын, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауын тексеру бойынша шаралар өткізеді.
Астана қаласы Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, қала аумағында жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасымалдау саласында күн сайын 700-ден астам автобусты жолға шығаратын 8 кәсіпорын және 13 ресми таксопарк жұмыс істейді.
Астана қаласының ІІД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бақытжан Алтыбайдың айтуынша «2015 жылдың қорытындысы бойынша жол-патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілері жол берген Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2400 астам жағдайын тіркеді. Техникалық ақауы бар автобустарды рейске жібергені үшін 53 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды».
Сонымен қатар, «полиция қызметкерлері жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың жолын кесу үшін вокзал маңындағы алаңда және әуежай ауданында, сондай-ақ, «Рубеж» бекеттерінде қалааралық бағыттағы автобус жүргізушілерінің көлік заңнамасын бұзу жағдайларын анықтау, елордада жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелеріне және салық міндеттемелеріне сәйкес келмейтін жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын такси автомобильдерін тексеру бойынша бірқатар шараларды қолға алмақ», - деп атап өтті Б. Алтыбай.
Бұдан басқа, жолаушылар көлігі жүргізушілерінің тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдау жоспарланған.