Астанада автобус жүргізушілерін рейс алдында телефондарын тапсыруға міндеттейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Астана жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің төрағалық етуімен елордадағы барлық автобус парктері әкімшілігімен мәжіліс өтті, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Мәжілістің негізгі мақсаты - тасымалдаушылардың шарттық міндеттемелерді тиісті орындауы, белгіленген аралықпен желіге автобустардың жоспарлы шығуын қамтамасыз ету, автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауы, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсетуі мәдениеті деңгейін арттыру.

«Осы жылғы 1 сәуірден бастап автобус парктерінің әкімшілігі рейс алды тексеру уақытында жүргізушілердің ұялы телефондарын қоюға арнайы ұяшықтар ұйымдастыруды ұсынды», - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, Көліктік бақылау қызметіне бақылау-желілік қызметпен бірлесіп желідегі жүргізушілердің автобус салонында телефон қолдануы, темекі шегуіне, сондай-ақ жол қозғалысы қағидасын сақтауына  мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ тасымалдаушылардың  проблемалық мәселелері қаралды. Мәжіліс қорытындысы бойынша көрсетілетін қызметтер сапасын арттырудың тиісті шараларын қабылдау міндеттері қойылды.

Қоғамдық көлікте сервисті жақсарту үшін әрі кері байланысты реттеу үшін контакт-орталық бар екені атап өтіледі.

 574-777 нөмірі көрсетілген ақпарат қала автобустарының салонына орналастырылған.

Соңғы жаңалықтар
telegram