Астанада әйел көпірден секірмек болды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада Министрліктер үйі маңындағы көпірден секірмек болған әйелге қатысты мән-жайды анықтау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әзірге толық мән-жайлар анықталып жатыр. Қазіргі уақытта азаматша Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Мұндай қадамға неліктен барғанын анықтау мақсатында одан сұрақ-жауап алынып жатыр», - деп мәлім етті Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Бірнеше минут бұрын аталған оқиғаға куә болған қала тұрғындары құтқарушылардың әйелді көпірден аман-есен түсіріп алғанын айтып, видеолар жариялады.
Белгілі болғандай, әйелді елордалық 6 құтқарушы сатысы бар арнайы техниканың көмегімен түсіріп алған.
«Сағат 12:24-те Астана қаласы ТЖД бөлімшелері кезекті келіп түскен шақыртуға шықты. 8 минуттан кейін құтқарушылар әйелді түсіру бойынша құтқару операциясын жүргізуге кірісті. ТЖД мамандарының жедел әрекеттерімен сағат 12:37-де әйел автокөлік сатысының көмегімен құтқарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Құтқару операциясына Астана қаласы ТЖД жеке құрамының 6 адамы және 2 техникасы жұмылдырылды», - деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінен.
Әлеуметтік желілерде көпірге шығып алған әйел 7 жылға бас бостандығынан айырылған баласын босату талабын қойғаны айтылып жатыр.