Астанада әйелімен ұрсысып қалған жігіт ашуын «аялдамадан алды»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жол-патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде аялдаманың әйнегін сындырған 26 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Астана қалалық ІІБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада әйелімен ұрсысып қалған жігіт ашуын «аялдамадан алды»

Оқиға 29 қазан күні шамамен таңғы сағат 04:00 шамасында тіркелген.

«Астана қалалық ІІД-нің жедел басқармасы орталығының қызметкерлері видеобақылау арқылы Ш.Құдайбердіұлы көшесі бойындағы қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамалардың бірінің әйнегінің шағылғанын көрген. Оқиға орнына жол-патрульдік полиция қызметкерлері келіп, 1991 жылғы азаматты ұстаған. Ол «Алматы» аудандық ІІБ-на жеткізілді», - деп хабарлайды ведомстводан.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-тың «бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. ІІІД-нің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ұсталған азаматтың спирттік ішімдік ішкені анықталып отыр. Ол полиция қызметкерлеріне  зайыбымен ұрсысып қалғаны себепті осындай әрекетке барғанын түсіндірген.