Астанада азық-түлік бағасын 15%-дан артық көтеруге болмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін бақылау күшейтілді. Биыл жыл басынан бері 150-ден астам заңбұзушылық анықталып, талапты алғаш бұзған кәсіпкерлерге де бірден айыппұл салу қарастырылған. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Астанада азық-түлік бағасын 15%-дан артық көтеруге болмайды
Фото: Астана әкімдігі

Елордада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру, делдалдық схемаларды қысқарту және сауда инфрақұрылымын жаңғырту бағытында кешенді шаралар қабылданған.

Жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде: отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, тікелей жеткізілімдерді ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу, сауда үстемесін бақылау және қалалық базарларды жаңарту. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев пен Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тагашов айтып берді.

Биылғы қараша айындағы жағдай бойынша Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 101,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш республика өңірлері арасында оң нәтижелердің бірі болып табылады.

Оң динамикаға азық-түлік тауарларын алдын ала келісімшартқа отырғызу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қарыз беру тетіктері арқылы қол жеткізілген.

Азық-түлік
Фото: Kazinform

Айналым тетігі аясында ӘМАТ-тың 18 мың тоннадан астам өніміне келісімшарт жасалды. Түркістан, Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы көкөніс, бакалея, сүт және ет өнімдерін өндірушілермен келісімдер жасалды.
Өнімді өткізуге елордадағы 190-нан астам ірі сауда нүктесі тартылған. Олардың қатарында «Magnum», «Small», «Фермаг», «Вкусмарт», «Анвар» сауда желілері, сондай-ақ «Шапағат» және «Көктал» базарлары бар.

Максат Жаңабаевтың айтуынша, негізгі басымдықтардың бірі — азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету және өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар санын азайту.

— Біздің басты міндетіміз — елорда тұрғындарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету, өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын қысқарту және азық-түліктің қолжетімділігін сақтау. Осы мақсатта тікелей жеткізілімдерді кеңейту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік беретін тетіктерді қолдану бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деді Мақсат Жаңабаев.

Азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі — ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Бүгінгі күнге дейін елордада 300-ге жуық жәрмеңке өткізілді. Жыл соңына дейін олардың санын 350-ге жеткізу жоспарланып отыр.

2026 жылы 19 қыркүйек пен 31 қазан аралығында өңірлік жәрмеңкелерге Қазақстанның 15 өңірінен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Іс-шаралар қорытындысы бойынша ет, балық, сүт, бакалея өнімдері, көкөністер мен жемістерді қоса алғанда, 10 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі сатылды. Өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрғындарға отандық өнімді өндірушілердің өзінен нарықтағы бағадан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.

Жәрмеңке
Фото: Астана әкімдігі

Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ет өнімдеріне деген жоғары сұранысты ескере отырып, соңғы үш жылда Астанада дәстүрлі түрде «Соғым Fest» ет жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді.

Биыл жәрмеңке қараша айынан желтоқсанның соңына дейін әр сенбі және жексенбі күндері елорданың төрт алаңында өтіп жатыр:

  • Keruen Joly сауда орталығы — Алаш тасжолы, 35Б;
  • «Ет Әлемі» сауда орталығы — Алаш тасжолы, 31/1;
  • «Jurt» сауда орталығы — Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3;
  • «ERA» базары — Қорғалжын тас жолы, 96.

Жәрмеңкеге отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысады. Бұл тұрғындарға ет өнімдерін делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді.
Өнім бағасы: сиыр еті — келісіне 3 300 теңгеден, жылқы еті — 3 500 теңгеден, қой еті — 3 700 теңгеден басталады.

Азық-түлік бағасын қалыптастырудағы делдалдық схемаларды анықтау және жолын кесу де маңызды бағыттардың бірі. Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленетін шекті сауда үстемесі өндірушінің босату бағасынан немесе жеткізу шартында көрсетілген көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15%-дан аспауға тиіс.

Биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 10 қаңтардағы № 155-VIII Заңмен көзделген Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа талаптарға сәйкес, сауда үстемесін 15%-дан асыруға қатысты алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту жасау тәртібі алынып тасталды. Енді алғашқы заңбұзушылық анықталған жағдайда-ақ айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қолданылады.

Алғашқы құқық бұзушылық үшін айыппұл мөлшері:

  • жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 5 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 35 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 150 АЕК.

Бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін айыппұл мөлшері тиісінше 10, 70 және 300 АЕК-ті құрайды.

Астанада апта сайын сауда нысандарының барлық форматында баға мониторингі жүргізіледі. Атап айтқанда, «Magnum», «Small», «Анвар», «Астықжан» ірі сауда желілерінде, «Шапағат», «Алаш», «Шарын», «Евразия», «Әлем» базарларында, сондай-ақ үй маңындағы дүкендерде тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Бағаның негізсіз өсуін анықтау мақсатында Өңірлік комиссия жұмыс істейді.
Жыл басынан бері Өңірлік комиссияның 90 отырысы өткізіліп, 150-ден астам құқық бұзушылық дерегі анықталды.

— Біздің міндетіміз — құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, бүкіл сауда тізбегінің ашықтығын қамтамасыз ету. Біз өнімнің өндірушіден соңғы сатушыға дейінгі қозғалысын қадағалап, бағаны негізсіз көтеруге жол берген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты шаралар қабылдаймыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуына ерекше назар аударылады, — деді Еркебұлан Тағашов.

Астанада жаңғырту жөніндегі жол картасына жеті базар енгізілген. Олар: «Ұлжан», «Алтай», «Шанхай — Көк базар», «Сарыарқа», «Орталық базар», «Алаш» және «Шарын».

Жаңғырту жұмыстары сауда нысандарын заманауи стационарлық форматқа көшіруді, көшедегі сауданы жабық ғимараттарға орналастыруды, автотұрақтар салуды, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды, жалға берудің цифрлық жүйелері мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізуді қамтиды.

Алдағы шаралар мен жоспарлар

Әкімдіңтің мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін базарларды жаңғырту жұмыстарына апта сайынғы бақылау күшейтіледі. 2027 жылы талаптарды қайталап орындамаған жағдайда айыппұл санкцияларын қолдану және талаптарға сәйкес келмейтін сауда алаңдарының жұмысын сот тәртібімен тоқтата тұру мүмкіндігі қарастырылады.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер департаментімен өзара іс-қимылды күшейту, өнімдердің қозғалысын қадағалау жүйесіндегі тәуекелдерді талдау, жаңғыртылған базарларға ӘМАТ-ты тікелей жеткізу көлемін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ бақылау таразылары мен тұтынушыларға арналған ақпараттық стендтердің болуын қамтамасыз ету көзделген.

Қабылданып жатқан барлық шара елордада бағаны тұрақтандыруға, сауда саласының ашықтығын арттыруға және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қай жерден арзан алуға болатынын мына сілтемеден біліңіз.