Астанада азық-түлік тауарларының ассортименті кеңейтілді — ӘКК қосымша қаржы сұрайды

АСТАНА.KAZINFORM — Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған тыңдауларда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) «Astana» қосымша қаржыландыру тарту мәселесін көтерді.

Астанада азық-түлік тауарларының ассортименті кеңейтілді
Фото: Pixabay.com

ӘКК «Astana» басқарма төрағасы Бауржан Баймұқашевтің айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға корпорация қарамағында айналым қаражаты ретінде бөлінген 10,7 млрд теңге бар.

— 2024 жылы ӘКК қарамағында 13 млрд теңге көлемінде қаржы болған. Оның 1 млрд теңгесі жергілікті атқарушы органның талабымен қайтарылды. Ал 1,3 млрд теңге Есеп комитетінің тексерісі нәтижесінде бюджетке кері қайтарылды. Қазіргі уақытта ӘКК Инвестициялар басқармасымен бірлесіп, қосымша қаржы тарту үшін займ алу мәселесін пысықтап жатыр. Қолданыстағы 10,7 млрд теңге толық игерілді. Қаржы 23 келісімшарт аясында жұмсалды, — деді Б.Баймұқашев.

Оның мәліметінше, бөлінген қаржының шамамен 4 млрд теңгесі — көкөніс өнімдерін қаржыландыруға, 1,3 млрд теңгесі — жұмыртқа өнімдеріне, 1,2 млрд теңгесі — Меркі қант зауытына, 500 млн теңгесі — Қостанай облысындағы «Қарасу ет» кәсіпорнына, 200 млн теңгесі — құс етіне бағытталған.

Сонымен қатар, 10,7 млрд теңгенің бір бөлігі — 8 облысқа берілген қарыздар. Алайда 900 млн теңгенің қайтарылуы қамтамасыз етілмеген. Қазіргі таңда бұл қаражатты қайтару бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Спикердің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетігі жалпы оң нәтиже беріп жатыр.

— Өнім түрлерінің саны Үкімет бекіткен 8 атаудан 19-ға дейін кеңейтілді. Әлеуметтік өнімдерді сататын сауда нүктелері 2022 жылы 80 болса, биыл 190-ға жетті. Сатып алынатын өнім көлемі 12 мың тоннадан 35 мың тоннаға дейін ұлғайды. Делдалдарды алып тастау жұмысы жүріп жатыр, қарыз қаражат негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге беріледі. Кей жағдайларда сауда желілеріне де қаржы бағытталады — бұл бағаны ұстап тұру үшін қажет, — деді Баймұқашев.

Сонымен қатар, ол ӘКК «Astana» елорданың сауда орындарында бағаны тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.

Бұған дейін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары транзитіне бақылау күшейгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар