Астанада балабақша кезегінде тұрғандар саны 100 мыңға жетіп жығылады - А.Сәрінжіпов

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада балабақша кезегінде тұрғандар саны 100 мыңға жетіп жығылады. Бұл туралы «КТК» телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасында қонақ болған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.

Астанада балабақша кезегінде тұрғандар саны 100 мыңға жетіп жығылады - А.Сәрінжіпов

Министрдің атап өтуінше, Алматы мен Астана қалаларында және Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында балабақша тапшылығы күрделі проблемалардың біріне айналып отыр. Ал бұл проблеманы мемлекеттік тапсырыс және жеке инвестиция арқылы шешу қиындық туындатуда.

«Астанада балабақша кезегінде 100 мың адам тұр. Балалардың қамтылуы 60 пайыздан төмен, бұл орташа республикалық көрсеткіштен де кем. Біз Үкімет, қала әкімдігі деңгейінде кезекті қысқарту үшін қандайда бір қосымша шара қабылдауымыз қажет», - деді ол.

Сонымен қатар А.Сәрінжіповтің айтуынша, Мемлекет басшысы бекіткен мемлекеттік бағдарламаға сәйкес елімізде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 2020 жылға қарай 100 пайыздық көрсеткішке жетуі тиіс.

«Бұл шамамен 2016 жылға қарай біздің 80 пайыздық қамту көрсеткішіне қол жеткізуіміз қажеттігін көрсетеді. Қазіргі уақытта республика бойынша бұл көрсеткіш орташа есеппен 72 пайызды құрайды. Біздерге қосымша қолдау шаралары қажет. Бұдан бөлек біз бұл мәселені Мәжіліс депутаттарымен қарастырып, Үкіметпен қосымша шараларды дайындауымыз қажет», - деді министр.