Астанада балалар ауруханасында өрт шықты

АСТАНА.KAZINFORM — Астана қаласы Сарайшык ауданында, Кошкарбаев көшесі бойындағы балалар ауруханасының ғимаратында жертөледегі электр қалқанында өрт шықты.

Астанада балалар ауруханасында өрт шықты
Фото: ТЖМ

Хабарлама түскеннен кейін 2 минут ішінде алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жетіп, өртті сөндіруге дереу кірісті.

Қауіпсіздік мақсатында персонал мен науқастар эвакуацияланып, жақын маңдағы медициналық мекемелерге уақытша орналастырылды. Өрт сөндіру штабы құрылып, жылыту пункті ұйымдастырылды.

Астанада балалар ауруханасында өрт шықты
Фото: ТЖМ

Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт 10 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, себебі анықталып жатыр.

Айта кетелік СҚО-да жазғы балалар лагерлерінен өрт қауіпсіздігі талабын бұзудың 80 дерегі анықталған еді.