Астанада балалар шығармашылығына арналған ваучерлік бағдарламаға қатысты шағым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында елордадағы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орындау кезіндегі проблемалар қаралды. 

үйірме, бала
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

— Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына балалар спорты мен шығармашылығына арналған ваучерлік мемлекеттік бағдарлама бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлерден шағым түсті. Олар бағдарламаны іске асыру кезінде болған мәселелерге назар аударуды сұрап отыр. Елорданың Мәдениет басқармасының ресми жауабына сәйкес, 2024 жылдың 29 қарашасында техникалық ақау болып, электронды кезек жойылған. Соның салдарынан барлық өтінім мен ваучерлердің деректері жоғалған, — деді қалалық Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау бөліміндегі бірінші санаттағы сарапшы Гүлжайна Пернебай.

Оның айтуынша, электронды кезек жойылғаннан кейін, сол кезден бастап ваучерлер ашық жүйе арқылы емес, қолмен беріліп жатыр.

— Бұл жағдай цифрлық жүйенің талаптарына және барлық балаға тең мүмкіндік беру қағидатына қайшы келеді. Осыған байланысты қызмет көрсететін ұйымдар процесті бақылай алмай отыр, ал балалар тегін қосымша білім алу құқығынан айырылған. Осы ахуал салдарынан кәсіпкерлер шығынға батып, ваучерлік қаржыландыру жүйесіне сенім азайып барады. Айта кетейік, мұндай жағдайға арналған нақты заңды тетіктер мен жедел әрекет ету тәртібінің болмауы алаңдатып отыр, — деді сарапшы.

Өз кезегінде қаладағы Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекция өкілдері аталған мәселе бойынша өтінім берген барлық ата-ана мен кәсіпкерлерді қабылдағанын айтып отыр. Енді барлық өтінім мен кезек QOSYMSHA.KZ жаңа цифрлық платформасына ауысады. «АртСпортта» қамтылған үйірмелер жаңа платформаға көшірілген.

Бұған дейін бюджет есебінен қаржыландырылатын білім беру, спорт және шығармашылық бағыттағы балалар үйірмелері бірыңғай ваучерге біріктірілуі мүмкін екенін жазған едік

Биыл тегін үйірмелер бойынша Астанада жаңа цифрлық ваучерлік жүйе іске қосылғаны мәлім болды

Айта кетейік, 2021 жылдан бері Қазақстанда қосымша білім беруге арналған ваучерлік қаржыландыру жүйесі жүзеге асырылып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл бастама балаларға сабақтан тыс уақытта білім алуға тең мүмкіндік беру мақсатында енгізілген. Қағида қарапайым: мемлекет әр балаға бір үйірмеге қатысуына қаржы бөледі, ал ата-ана баласының қызығушылығы мен кестесіне сай бағытты өзі таңдайды. 

Соңғы жаңалықтар