Астаналықтар балаларын ПМПК қабылдауына онлайн жаздыра алады

АСТАНА. KAZINFORM — Astana.kz қалалық қызметтер порталында балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға (ПМПК) қабылдауға онлайн жазу қызметі ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

логопед
Фото: «Қарлығаш» балабақшасы

ПМПК — баланың психофизикалық даму ерекшеліктерін кешенді бағалап, оған қажетті білім беру бағдарламасы мен оқу түрін анықтайтын комиссия. Осыған дейін ата-аналар қабылдауға жазылу үшін телефон шалып немесе мекемеге жеке баруы қажет болатын. Енді бұл рәсімді үйден шықпай-ақ, бірнеше минут ішінде орындауға болады.

Astana Innovations ұсынған жаңа цифрлық шешім тұрғындардың уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету үдерісінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Енді ПМПК қабылдауына төрт қадам арқылы жазылуға болады.

Алдымен http://Astana.kz сайтына кіріп, авторизациядан өту қажет. Жүйеге кірудің үш тәсілі бар:

  • электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы;
  • SMS-код көмегімен;
  • eGov арқылы.

«Қалалық қызметтер» бөлімінен «ПМПК қабылдауына жазылу» қызметін таңдау керек. Бұл бөлімде қызмет туралы толық ақпарат пен қажетті құжаттар тізімі де берілген.

Жүйе бос уақыты көрсетілген қабылдау кестесін автоматты түрде ұсынады. Егер тізім бос болса, демек, дәл қазір бос орын жоқ. Қабылдау кестесін қызмет көрсететін мекеменің өзі қалыптастырады. Жаңа орындар пайда болған кезде олар порталға бірден енгізіледі.

Соңғы қадамда екі бөлімге міндетті мәліметтерді толтыру қажет:

1. Өтініш берушінің жеке деректері: өтініш берушінің санаты, ЖСН, тегі, аты, әкесінің аты, туған күні және телефон нөмірі.
2. Бала туралы мәліметтер: ЖСН, тегі, аты, туған күні, жынысы, оқу тілі және өзі баратын білім беру ұйымы туралы ақпарат.

Барлық мәлімет толтырып, өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойғаннан кейін ол жүйеге жіберіледі.

Өтініш берілген соң оның қаралу барысын білу үшін порталдан шығудың қажеті жоқ. Ол үшін жеке кабинетке кіріп, мына бөлімге өту жеткілікті:
Жеке кабинет → Қызметтер → Қызметтер тарихы.

Бұл жерде өтініштің тіркеу нөмірі мен ағымдағы мәртебесі көрсетіледі.
Осылайша, Astana.kz порталы арқылы елорда тұрғындары өтініш беруден бастап, нәтижесін алғанға дейінгі бүкіл үдерісті онлайн бақылай алады.

Бұған дейін