Астанада балықтардың жаппай қырылуының себебі айтылды

«Судың және балықтың сынамаларын алып, зертханаға өткіздік. Енді, зертхананың қорытындысы бойынша сіздерге толық мағлұмат береміз. Балық өсіруші мамандармен, табиғат ресурстар басқармасымен бірлесе тексеру жүргіздік. Атап айтқанда, балықтың өлген жерінен, су келіп жатқан аумақтан, сондай-ақ одан жоғары жақтан тағы бір жерден, яғни үш жерден судың сынамасын алып, зертханаға тексеруге бердік. Біздің ойымызша, бұл оқиға судың кішкене экологиялық ластануынан болған»,-деп тоқталды маман.
Оның сөзіне қарағанда, судың құрамына тұрақты аэрация, тазарту шаралары жасалып отыруы керек. Сонымен қатар судың құрамы дұрыс болуы үшін балықтандыру шарасының көлемін ұлғайту қажет.
«Өздеріңіз көрген шығарсыздар, ол жерде мөңке балықтар (карась) болған, яғни негізінен ұсақ балықтар. Сонымен қатар, 1,5 шақырым қашықтықта балықтар көбінесе мұздың астында қалып қойған, бетіне шыққандарын құстар жеген. Сол маңның жоғары жағында лайланып тұрған бір ошақ бар. Мүмкін осы фактор әсер етіп жатыр ма деген тұжырымдамыз. Жалпы, балықтың ауруы немесе басқа жолдармен улануы секілді бірқатар себептер әсер етуі ықтимал. Егер де зертхана осыны дәлелдесе, онда шара қолдану керек», - деді Жарылғасын Әбдікәрімов.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Астана тұрғыны Ақбұлақтағы балықтың жаппай қырылып, су бетінде қалқып жүрген видеосын жүктеген еді.