Астанада «Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз» байқауының екінші кезеңі қорытындыланды
«Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамға бейімделіп келеді. Өздерінің қабілет-қарымдарын көрсетіп, таланттарын іште бұғып қалмай, өнерде де, өмірде де жан-жақты көрініп жүр. Сондықтан мұндай байқаулардың маңызы зор», - деді «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығының төрайымы Дина Ерділдинова.
Саят Қорғамбеков - I топ мүгедегі. Алайда, өмірден қағажу көрдім деп қарап жататын Саят емес. Өз белсенділігі мен алғырлығының арқасында байқаудың «Ең тату отбасы» аталымы бойынша мүмкіндігін байқап көрмекші. Он жылдан астам дәм-тұзы жарасып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасы абыройлы да жігерлі ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді.
«Отбасы - ең асыл қазынам. Отан да отбасынан басталады. Сондықтан да отбасымды қадір тұтып, жарымды сыйлап, балаларымды мақтан етемін. Өзім балалар үйінде өскенмін. Енді менің балаларым ондай қиындықты көрмей, ата-ананың мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне қанып өссе деймін», деп ағынан жарылды «Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз» байқауының қатысушысы Саят Қорғамбеков.
Қалалық конкурс жеңімпаздары 13 маусымда салтанатты түрде марапатталмақ. Жеңімпаздар күзде өтетін республикалық додаға жолдама алады.