Астанада Бауыржан Момышұлы туралы жаңа қойылымның премьерасы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 7-8 желтоқсан күндері елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Момышұлы» деректі драмасының премьерасы өтеді.
Қарт Бауыржан мен жас журналистің сұхбаты — қойылымның негізгі арқауы. Үш буынның көзқарасы тоғысқан туындыда батырдың өткен өмірі мен ішкі әлемі ашылады. Спектакльде Момышұлы туралы бұрын жарияланбаған деректер көрермен назарына ұсынылады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бақыт Бақтанұлы қойылымның Instagram парақшасында жарияланған бейнежазбада туындының дүниеге келуіне батырдың бойындағы асыл қасиеттер түрткі болғанын айтты.
— Ең бірінші түрткі — біздің Бауыржан атамыздай ұлы тұлғаның тұла бойындағы асыл қасиеттер шығар. Өзінің еліне, Отанына, халқына деген махаббаты, ол кісінің ар, намыс, ождан деген ұлы ұғымды өмір бойы ту етіп өткені шығар деп ойлаймын, — деді актер.
Бақыт Бақтанұлы ер азаматтың ел алдындағы борышы туралы ой қозғап, батырдың ар мен намыс жайлы айтқан сөздерін мысалға келтірді.
— Жалпы Бауыржан атамыз айтады: «Кешкісін жастыққа басыңды қояр алдында арың, ожданыңның алдында есеп бере алсаң, міне, нағыз бақыт сол» дейді. Сол себепті егер біз әрқайсымыз өзіміздің істеген істеріміздің алдында есеп бере алсақ, ол расында да үлкен бір бақыт шығар, — деді Бақыт Бақтанұлы.
Қойылымның сценарий авторы — Назгүл Сарыбай, қоюшы режиссері — Жұлдызбек Жұманбай, продюсері — Қуаныш Қонысбек.
Бауыржан Момышұлының рөлін Бақыт Бақтанұлы мен Бауыржан Ескожанұлы сомдайды. Батырдың жас кезін Қуаныш Айдарұлы, Жамбыл Жабаевтың рөлін Досжан Абдераимұлы ойнайды.
Еске салайық, былтыр Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай Орталық мемлекеттік архивте батырдың өмірі мен қызметіне қатысты бұрын белгісіз болған құжаттар көрмеге қойылған еді.