Астанада «Бейбітшілік пен келісім - жастардың таңдауы» тақырыбында семинар-тренинг өтеді

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шара Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Әлеуметтік ғылымдар факультетінің мәжіліс залында кешкі сағат 17:00-де басталады. Оған мемлекеттік органдар өкілдері,студенттер, дінтанушы-сарапшылар, БАҚ және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысады деп жоспарлануда.
Айта кету керек, жастар саясаты саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындау аясында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері бөлімі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жастар арасындағы діни өзекті мәселелер бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» атты әлеуметтік жоба жұмысын жүргізуде. Жобаның басты мақсаты Астана қаласындағы жастар арасында қоғамдық татулық пен адамгершілік қағидаттарын насихаттау, олардың діни саясаттағы сауатын ашу арқылы діндер арасындағы ерекшеліктерді танып-білуге және басқаның діни наным-сенімі мен көзқарастарын, адамдардың тарихи, рухани құндылықтарын сыйлауға тәрбиелеу.
«Семинар-тренинг ұйымдастырудағы басты мақсат - Қазақстан Республикасының әлемдік бейбітшілікті сақтауға қосып отырған үлесі мен ауқымды істері туралы ақпарат беру және осы бағытта жастардың ролі туралы түсіндіру, жастарға дін саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа заңнаманың маңыздылығын түсіндіру, терроризм және діни экстремизм көріністерінің зардабын ескерту және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттау, жастар арасында діни дүниетанымды қалыптастыру, дәстүрлі діннің құндылықтарын тарату, жастардың діни сауатын көтеру, олардың еркін пікірін тыңдау, адамзат қоғамының рухани құндылықтары туралы және оны құрметтеу, білу, ақпараттық жүйедегі қатерлі мәселелер туралы таныстыру, саралау, жастардың жанұя, отбасын сыйлау, оның маңызы туралы түсінігін арттыру, бейбіт өмір басты бақыт екенін сезінуіне жол ашу», - дейді шараны ұйымдастырушылар.