Астанада биыл 50 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жөндеу жұмысы жүріп жатқан көшелер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада биыл 50 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: Астана әкімдігі

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада биыл жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын 50-ге жуық көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар елордада жаңа жолдар мен жол айрықтарын салу жұмыстары қатар жүріп жатыр.

Әкімнің айтуынша, жаңа жолдардың салынуы көлік қозғалысын жеңілдетіп, негізгі магистральдардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Қазір елорданың бірнеше ауданында жаңа көшелердің құрылысы жүріп жатыр.

Астанада биыл 50 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: Астана әкімдігі

Жангелдин көшесі К. Күмісбеков пен Ш. Бейсекова көшелерін байланыстырады. Жоба №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және «Білім-Инновация» лицей-интернатына қатынауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта инженерлік желілер жүргізіліп, жол төсемі төселіп жатыр.

С. Нұрмағамбетов көшесі Ш. Қалдаяқов көшесінен Райымбек батыр көшесіне дейін салынып жатыр. Жоба көлік қозғалысын жақсартып, LRT станциясына қатынауды жеңілдетуге бағытталған. Қазір жол төсемін төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Астанада биыл 50 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: Астана әкімдігі

Е67 және Е68 көшелері Төле би көшесінен Ә. Бектұров көшесіне дейін салынады. Е68 көшесінің құрылысы осы аумақтағы көлік қозғалысын жақсартып, жақын маңдағы тұрғын үй кешендеріне қатынауды жеңілдетеді. Қазіргі уақытта жол төсемі төселіп жатыр.

Пригородный елді мекенінде Местная-7 және Е522 көшелерінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба елді мекендегі көлік қозғалысын жақсартып, салынып жатқан жайлы мектеп пен тұрғын үйлерге қатынауды қамтамасыз етеді. Е522 көшесінде инженерлік желілер жүргізіліп, жол төселіп жатыр.

Астанада биыл 50 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: Астана әкімдігі

Сондай-ақ Мәңгілік Ел даңғылы, 40А мекенжайынан Ә. Бөкейхан көшесіне дейін, «Сапфир» тұрғын үй кешені бағытына жаңа көше салынып жатыр. Ол Мәңгілік Ел даңғылы мен Ә. Бөкейхан көшесін байланыстырып, «Сапфир», «Көркем-4» және «Күмбел» тұрғын үй кешендеріне қатынауды жақсартады. Қазір мұнда инженерлік желілер жүргізілуде.

Астанада биыл 50 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Фото: Астана әкімдігі

Жеңіс Қасымбек жол құрылысы елорданың барлық ауданында жүріп жатқанын атап өтті. Мердігерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, сапаны қамтамасыз ету тапсырылды.

Осыған дейін Астанада жолдың бір бөлігі 3 күнге жабылатынын жазған едік.