Астанада биыл 500-ден астам есірткі граффитилері анықталып, боялды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада прокуратураның үйлестіруімен қалалық полиция есірткі қылмысына қарсы айлық өткізіп жатыр. Іс-шаралар кешені «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылуда. Осыған орай қалада блогерлердің, еріктілердің және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен есірткі граффитилерін анықтау және бояу акциясы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада биыл 500-ден астам есірткі граффитилері анықталып, боялды
Фото: Астана әкімдігі

Есірткіге қарсы акциясы Байқоңыр ауданында өтті. Қатысушылар жасырын есірткі жарнамасы бар, мессенджерлер арқылы тыйым салынған заттарды сатуға шақыратын сілтемелер жазылған жазуларды анықтап, бояды. Мұндай граффитилер көбінесе тұрғын үйлердің қасбеттерінде, трансформаторлық қосалқы станцияларда, қоршауларда және басқа да қоғамдық нысандарда салынады.

Шараны Байқоңыр ауданы әкімдігі, «Астана Жастары» жастар қанаты аудан прокуратурасының, Полиция басқармасының және еріктілер бірлестіктерінің қолдауымен ұйымдастырды.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбековтың айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты – заңсыз жарнаманы жою ғана емес, сонымен бірге азаматтарда, әсіресе жастарда есірткі насихатына қарсы иммунитет қалыптастыру.

«Белсенділермен, жастар ұйымдарымен және аудан тұрғындарымен бірге біз есірткі жарнамасының көріністеріне жүйелі түрде қарсы күресеміз. Басты мақсатымыз – жас ұрпақты қорғау және таза, жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру кеңістігін қалыптастыру», – деп атап өтті ол.

Акцияға белсенділер мен еріктілерден бөлек, танымал қазақстандық блогерлер де тартылды. Олар жазуларды бояп қана қоймай, әлеуметтік желілерде бұл процесті кеңінен жариялап, есірткі жарнамасына қарсы идеяны кең аудиторияға таратты.

«Әркім ортақ іске үлес қоса алатынын көрсету маңызды. Біз тек жазуларды өшіріп қана қоймай, оларға белгі береміз. Есірткі жарнамасына біздің қаламызда орын жоқ», – деді қоғам белсендісі, блогер Айдана Хабиева.

Байқоңыр ауданы прокуратурасының өкілі Төрекелді Жанкелдіұлы мұндай шаралардың есірткі айналымына қатысты қылмыстардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Бұл жазулардың маңызы жоқ көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олар – қылмыстық бизнестің құралы. Осындай жарнаманы дер кезінде анықтап, жою, сондай-ақ жастарға есірткіні қолданудың салдарын түсіндіру өте маңызды», – деді ол.

Шара барысында ағартушылық жұмысқа да ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар тұрғындарға акцияның мақсатын түсіндіріп, есірткі граффитилерін қарапайым көше суреттерінен қалай ажыратуға болатынын көрсетті және күмәнді жазуларды тиісті органдарға хабарлауға шақырды.

«Біз жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға тырысамыз. Мұндай акциялар жастарды әлеуметтік маңызды іске тартып, олардың қатысуы қаланың қауіпсіздігі мен бейнесіне шынайы ықпал ететінін көрсетеді. Ортақ күш-жігерімізбен қоғамдық орындардағы есірткі жарнамасының таралуын азайта аламыз деп сенеміз», – деді «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Сұлтан Өмірғалиев.

Байқоңыр аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Даулет Елгоновтың айтуынша, жыл басынан бері елордада 500-ден астам осындай граффити анықталып, боялған.

«Біз мұндай орындарды мүмкіндігінше жылдам анықтауға тырысамыз. Қала тұрғындары телефон немесе қосымшалар арқылы күмәнді жазулар жайлы хабарлап, белсенді көмек көрсетуде. Әрбір жағдайды тіркеп, шара қабылдаймыз», – деп түсіндірді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара бір реттік акция емес, жастар арасындағы есірткіге және қылмысқа қарсы күрестің ұзақ мерзімді бағдарламасының бір бөлігі. Жоспарда – мұндай шаралардың географиясын кеңейту, мектеп оқушылары мен студенттерді, бизнес өкілдерін белсенді тарту, сондай-ақ жасөспірімдерде есірткіні қолдануға және құқыққа қарсы әрекеттерге тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламаларын іске асыру бар.

Еске сала кетсек, Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасып жатыр. > Astana news: Құқық қорғаушылар бірлескен рейдтер, оқу орындарында профилактикалық кездесулер, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мұндай іс-шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысы мен қоғамдық қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлерге қарсы бірлескен күресті күшейтуге ықпал етеді.

Айта кетейік, Астанада есірткі таратқан қыз 10 жылға сотталды.

Соңғы жаңалықтар