Астанада бір апта ішінде жолда жүру ережелерін бұзудың 6 мыңға жуық оқиғасы тіркелді

АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарт - Елордалық жол полициясы басқармасының мәліметі бойынша өткен аптаның ішінде жолда жүру ережесін бұзудың 6 мыңға жуық оқиғасы тіркелген.

Астанада бір апта ішінде жолда жүру ережелерін бұзудың 6 мыңға жуық оқиғасы тіркелді

Олардың ішінде 59 жүргізуші ащы суды сіміріп, көлікті басқарған, 611-і жылдамдықты асырған, 741-і басып озу және маневр жасау талаптарын естен шығарған.

Ауаға зиянды заттарды тастау бойынша 1101 әкімшілік іс рәсімделіп, жолға қоқыс лақтырған 458 жүргізушіге айыппұл салынды.

Қолға алынған алдын алу шараларына қарамастан, жаяу жүргіншілер әлі де өз өмірлеріне қауіп төндіріп, жолдан қауіпсіз өту ережелерін бұзуда. Өткен аптада белгіленбеген жерді қиып өткен 500 жаяу жүргінші ұсталды.

Жол сақшылары ҚР әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 473 бабы 1-ші бөлігіне сәйкес жолда жүру ережелерін бұзған жаяу жүргіншілерге 5 АЕК (8 655 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді. Егер жаяу жүргіншілер тарапынан 3 немесе одан артық құқықбұзушылық жасалса, онда 15 АЕК (25 965 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 3 күнге әкімшілік қамауға алу қарастырылған.