Астанада бір аптада 11 жол апаты тіркелді, 1 адам қаза тапты, 14-і жарақаттанды
АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Өткен аптада Астанада 11 жол апаты тіркелді. Салдарынан бір адам ажал құшты, 14-і әр түрлі деңгейде жарақаттанды.
Бұл туралы елордалық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Тойота Камриді» тізгіндеген 60 жастағы жүргізуші Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінде бағдаршамның рұқсат еткен белгісімен Мирзоян көшесіне бұрылу кезінде қарсы келе жатқан темір тұлпарды өткізбей, 27 жастағы елорданың тұрғыны басқарған «БМВ» көлігімен соқтығысты. Салдарынан «Тойотаның» жүргізушісі мен екі жолаушысы түрлі жарақаттармен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.
Бір апта ішінде елордалық жол сақшылары жолда жүру ережелерін бұзудың 6 мың фактісін анықтаған. Оның ішінде 81 жүргізуші көлікке мас күйінде отырғандары, 599-ы басып озудың тәртібін сақтамағаны, 590-ы жылдамдықты асырғандары үшін ұсталды. 285 астаналық жүргізуші көліктерін қауіпсіздік белдігін тақпай жүргізген, 116-сы жаяу жүргіншілерді өткізбеген. Рұқсат етілмеген жерден өткен 511 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.