Астанада бірқатар мектепке танымал тұлғалардың есімі беріледі

«Биыл 28 сәуірде қалалық ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті. Сол жерде елорданың бірқатар білім мекемесіне атау беру мәселесі талқыланды. Атап айтқанда №1 қалалық мектеп лицейге Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің есімін беру, №70 мектеп лицейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімін беру, №92 мектеп лицейге геология-минерология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі Ақжан Әл-Машанидің есімін беру, №65 мектеп гимназияға ақын, жазушы Мағжан Жұмабаевтың есімін беру, №88 мектеп лицейге белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің есімін беруді және №1 өнер мектебіне белгілі күйші Тәттімбет Қазанғапұлының есімін беруді сіздердің назарыңызға ұсынып отырмыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәслихат отырысында жасаған баяндамасында.
Сондай-ақ, басқарма басшысы қалалық мәслихат депутаттарынан аталған ұсынысты қолдауын сұрады.
«Бұл жоба Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына қайшы келмейді. Сол сияқты нормативтік-құқықтық актілерге қойылатын талаптарды бұзбайды», - дейді ол.