17:50, 13 Шілде 2016 | GMT +5
Астанада бірнеше көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды, жапа шеккендер бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Республика даңғылында Самал шағын ауданында бірнеше көліктің қатысуымен жол-көлік апаты орын алды. Төрт жеңіл көлік соқтығысты, оның ішінде тұраққа қойылғаны бар. Қатты соққыдан автомобильдердің бірі жаяу жүргіншілер жолына шығып кетіп, ғимаратқа соғылды.
«Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жол жиегінде тұрған Hyundai көлігінің жүргізушісі жапа шегіп, медициналық мекемеге жеткізілді. Жеңіл жарақат алған сияқты, оны жедел жәрдем көлігі жеткізді», - деді елордалық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Софья Қылышбекова.
Оның сөзіне қарағанда, қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде, олар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, сонымен қатар видеодәйектерді қарап жатыр.
ФОТО: tengrinews.kz