Астанада бірнеше мәрте сотталған әйел ұсталды

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Өзгенің мүлкін иемдену бойынша бірнеше рет сотталған әйел қолға түсті. Бұл туралы Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.

Астанада бірнеше мәрте сотталған әйел ұсталды

Жедел-іздестіру шараларының барысында ұрлық жасағаны үшін іздеу жарияланған, талай мәрте сотталған елорданың 28 жастағы тұрғыны қолға түсті.

Ұзақ уақыт бойы кәнігі ұры қалалық мекемелерді торуылдап, ондағы ұялы телефондарды, әмияндарды, ақша мен зергерлік бұйымдарды қолды еткен. Астаналық университеттің ғимараттарына бас сұққан жылпос кабинеттердің біріндегі үстелден ұялы телефонды алып кетті. Ал ауруханада дәрігердің телефонына қызығып, оны иемденген.

Ұрланған заттарды ол бейтаныс адамдарға арзан бағамен сатып келген екен. Олжалаған ақшасын есірткіге жұмсаған. Қолға түскен әйел ұрлық үшін 4 рет сотталғаны анықталып отыр.

Есірткіге тәуелді жылпостың 10 қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді. ҚР ҚК «Ұрлық» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тергеу изоляторына қамалды.