Астанада бокстан Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған турнир басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанада бокстан Афина Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаевтың құрметіне арналған жасөспірімдер арасында халықаралық турнир басталды.
Даңықты боксшымыз Артаевтың құрметіне арналған турнир ресми жарыстар күнтізбесіне енгізілген. Аталмыш бәсекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан сияқты көрші мемлекеттерден жалпы саны 300-ге жуық былғары қолғап шебері сынға түседі.
Бокс турнирі 2 жас деңгейі бойынша өтеді. Жалпы 14 салмақта жеңімпаздар анықталады. Жүлдеге ие болған спортшыларға қаржылай сыйақы табысталмақ.
Халықаралық турнир Астана төріндегі «Билайн Арена» сарайында өтіп жатыр.
Айта кету керек, Бақтияр Артаев атындағы байрақты бәсеке алғаш ұйымдастырылып жатыр.
Еске салайық, боксшы осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни, Афины Олимпиадасында топ жарған болатын. Қазақстандық спортшылар арасынан жалғыз өзі алтынға қол созып, елдің абыройын асқақтатты. Сондай-ақ әлем чемпионаттары мен Азия біріншіліктерінде бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарыс 28 наурыз күні мәресіне жетеді.