Астанада бір оқушыны тамақтандыру 584 теңге: бағаны өсіруге не кедергі
Астана қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбеков елордалық оқушыларды тамақтандыру айналасындағы мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Астана қаласының білім басқармасы мен әкімдігі жыл сайын соманы көтереді. Бұл сома 440 теңге болды, 2023 жылдың қаңтарында сома 30%-ға көтеріліп, 584 теңгені құрады. Біз азық-түліктің қымбаттауын ескереміз, тиісінше бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда тариф бір балаға 584 теңгені құрайды. Біздің жоспарымызда жаңа мәзір әзірлеу мәселесі тұр, тиісінше жаңа баға болады. Әзірленгеннен кейін біз мәслихатта нормативтік-құқықтық құжаттармен бекітеміз. Содан кейін жаңа мәзір мен жаңа баға бойынша жұмыс істейтін боламыз. Осы күзде тариф өзгеріссіз қалады. Егер әзірлеу, нақтылау және келісу процестері сәтті болса, келесі жылдан бастап өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді Серік Әділбеков қалалық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен жиында.
Білім басқармасы басшысының орынбасары әзірге бағаны көтеруге қатысты нақты ақпарат беруге ерте екенін ескертті.
«Қазір қосымша құн салығын ескере отырып тамақтану бойынша екі нұсқа әзірленуде. Біз үнемі қосымша нұсқалар әзірлейміз. Өйткені қосымша құн салығы және қосымша құн салығынсыз жұмыс істейтін ұйымдар бар. Жаңа перспективалық мәзірді әзірлеу кезінде сала мамандар тартылады. Оның ішінде Астана медицина университеті және қалалық мектептердегі тамақ жеткізушілер қауымдастығының өкілдері болады. Одан бөлек кәсіпкерлердің де пікірі ескеріледі. Жаңа мәзірді әзірлеу кезінде тағамның калориясы, витамин, көлем және өндіріс технологиясы бойынша белгілі бір талаптар бар. Біз мәзірді әзірлеу кезінде сол кездегі бағаны, статистиканы есепке аламыз. Бүгінде астың құрамы бойынша шешім қабылданды енді бағаны анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді ол.