Астанада бухгалтер компания шоттарынан 109 млн теңгеден астам ақша жымқырған

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада екі компанияның шотынан өз есепшотына және бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің шоттарына 109 млн теңгеден астам ақша аударған бухгалтерге сот үкімі шықты. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мәлім етті.

Астанада бухгалтер компания шоттарынан 109 млн теңгеден астам ақша жымқырған
Фото: Kazinform\ЖИ

Сот мәліметінше, В. 2019–2023 жылдары М.-ға тиесілі екі жауапкершілігі шектеулі серіктестікте (ЖШС) бухгалтер, кейін бас бухгалтер болып жұмыс істеген. Қызмет барысында ол компаниялардың банк шоттарына қол жеткізіп, қаржы операцияларын өз бетінше жүргізу мүмкіндігіне ие болған.

Осы мүмкіндікті пайдаланған бухгалтер компаниялардың шоттарынан өз есепшотына және өзі бақылаған жеке кәсіпкерлердің шоттарына бірнеше рет ақша аударған. Бұл аударымдарға ешқандай шарттық немесе заңды негіз болмаған. Сонымен қатар ақша қозғалысы бухгалтерлік есепте көрсетілмеген.

Салдарынан екі компанияға 109 млн теңгеден астам шығын келген. Бұл қаражат жәбірленушілерге әлі қайтарылмаған.

Сот В.-ның кінәсін жәбірленуші өкілінің және куәлардың жауаптары, сараптама қорытындылары, заттай дәлелдер мен іс материалдары арқылы дәлелденген деп таныды.

Сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған. Ал прокурор оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және 10 жыл бойы мемлекеттік әрі коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты қызмет атқару құқығынан айыруды ұсынған.

Сот қандай шешім шығарды?

Қылмыстың ауырлығын, компанияларға келтірілген шығынның өтелмегенін және сотталушының екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерген сот оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұған қоса, сотталушыға 10 жыл бойы мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Алайда оның 2013 және 2014 жылы туған екі баласы болғандықтан, сот жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырды. Яғни бас бостандығынан айыру жазасын орындау әзірге кейінге шегерілді.

Сондай-ақ сот жәбірленушілердің келтірілген шығынды өндіріп алу туралы талаптарын қанағаттандырды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бүгін БҚО-да 29 млн теңге жымқырған балабақша есепшісінің ісі сотқа жолданғаны белгілі болды.