БҚО-да 29 млн теңге жымқырған балабақша есепшісінің ісі сотқа жолданды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті прокуратураның үйлестіруімен өңірдегі балабақшалардың бірінде 29 млн теңгенің жымқырылуына қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады.
Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тергеу деректеріне сәйкес мектепке дейінгі ұйымның есепшісі басшылықтың сенімін пайдаланып, балабақша меңгерушісінің электрондық цифрлық қолтаңбасына (ЭЦҚ) қол жеткізген.
Ол меңгерушінің ЭЦҚ-сын және бухгалтерлік бағдарламаны пайдаланып, өзіне негізсіз жалақы есептеп, қаражатты жеке банк шотына жүйелі түрде аударып отырған.
— Осының салдарынан мемлекетке 29 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Департамент ұйым басшыларына бюджет қаражатының жұмсалуын, жалақының есептелуін және ЭЦҚ-ның пайдаланылуын тиісті деңгейде бақылау керектігін еске салады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сумен қамту жабдықтарын сатып алу барысында 421 млн теңге бюджет қаражатын жымқырудың жолы кесілгенін жазған едік.