Астанада демалыс күндері Индонезияның жазғы фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 15-16 шілде күндері елордада Индонезияның жазғы фестивалі өтеді. Шара қонақтары Индонезияның ұлттық тағамдарынан дәм татып, жәрмеңкесіне қатысып, мәдени концертін тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Аталған фестиваль алғаш рет Индонезия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ол демалыс күндері елордадағы Индонезия мәдени орталығында (Сарайшық, 14) сағат 17:00-22:00 аралығында өтеді.


Ашылу салтанатында Индонезияның Қазақстандағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман Сыртқы істер министрінің орынбасарына, елорда әкімінің орынбасарына, ҚМДБ төрағасының орынбасарына, сондай-ақ бүгінгі кештің барлық қонақтарына алғысын білдірді.

«Біздің мәдени орталыққа қош келдіңіздер! Мәдени дипломатия аясында бүгінгі шара Индонезия мен Қазақстан арасындағы екіжақты мәдени диалогты нығайтады. Екі ел жастары би қойылымдары мен әндер шырқайды. Бұл фестиваль Білім беру дипломатиясын дамытуға да бағытталған. Сондықтан жақын арада Индонезия өнер университеті мен Қазақ ұлттық хореография академиясы арасында меморандумға қол қойылады. Сондай-ақ, Индонезиядан келген студенттерге бөлінген 26 грант үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтқымыз келеді. Бүгінгі таңда олар Қазақстанның ірі жоғары оқу орындарында оқуда. Біздің фестиваль экономика мен дипломатияны ілгерілетуге, одан әрі байытуға бағытталған. Сондықтан бұл көрмеде сіз сапалы өнімнің жүзден астам түрімен таныса аласыз: бұл ұлттық тағамдар, халықтық әшекейлер, киім-кешек және кәдесыйлар», - деп атап өтті дипломат.


Мохамад Фаджрул Рахман 1,5 жылдан бері Қазақстанда елші болып жұмыс істейді.

«Мен жергілікті халықтың қонақжайлылығы мен мейірімділігіне тәнті болдым. Сіздердің ұлттық тағамдарыңыз, әсіресе қазақша ет ерекше ұнайды», - дейді елші.


Сонымен бірге, фестивальге келушілер индонезиялық фильмдерді тамашалай алады. Кешті қызықты ету үшін қонақтар би жарыстарына, Индонезия туралы викториналарға қатысып, естелік кәдесый алу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, Индонезия Республикасы 1945 жылы 17 тамызда тәуелсіздігін алған. Мемлекет атауы «Аралдағы Үндістан» деген мағынаны білдіреді. Онда 270 млн астам адам тұрады, халық саны бойынша Қытай, Үндістан, АҚШ-тан кейін 4-орында тұр. Тиісінше, әлемде мұсылмандар саны ең көп мемлекет болып саналады.

Индонезия ең үлкен арал-мемлекет ретінде де танымал. Мемлекетте 17 мыңнан астам арал бар. Оған қоса, Индонезияда жанартаулар, лава тасу қаупі өте жоғары.

Индонезия астанасы Джакарта қаласын су басу қаупі көбейгендіктен, 2014 жылы ел астанасын ауыстыру шешімі қабылданған. Ол үшін Калимантан аралында Нусантара қаласы жаңадан салынып жатыр.

Сонымен бірге, Индонезия Бали, Ява, Суматра секілді туристік аралдарымен өте танымал.


Соңғы жаңалықтар