Астанада «Дербес медицина және ғаламдық денсаулық» атты халықаралық конференция өтуде

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - 17-18 қазан күндері Назарбаев университетінде Өмір туралы ғылымдар орталығының ұйымдастыруымен «Дербес медицина және ғаламдық денсаулық» атты халықаралық конференциясы өтуде.
None
None

Оған АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінің, Корея Республикасының, Ресей Федерациясының әлемге танымал ғалымдары мен мамандары, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары, медициналық құрылым өкілдері, сондай-ақ, ҚР Үкіметінің өкілдері қатысуда.

«Назарбаев университетінде регенерациялық медицина және ұзақ өмір сүру тақырыбы бойынша екі жыл қатарынан өткізілген конференция жұмыстарының табысты өтуі, әрине, бізге әріптестік қарым-қатынасты орнату мен тың идеялармен алмасу алаңын қалыптастыруға мүмкіндік бере түсті», - деп атап өтті Өмір туралы ғылымдар орталығының бас директоры Жақсыбай Жұмаділов.

Оның айтуынша, биылғы форум аталған дәстүрді сақтап, ғылыми-зерттеушілік әлеуетті ынталандыруға әрі дербес медицина мен ғаламдық денсаулық тақырыбындағы пікірталастың белсенді болуына өз үлесін қосады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, дербес медицина - қазіргі таңда биомедицина саласы бойынша қарқынды дамып келе жатқан сала. Екі күндік форум дербес медицина және ғаламдық денсаулық тақырыбы бойынша еліміз бен шетел арасында тың идеялар мен тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң болып табылмақ. Конференция жұмысының бірінші күнінде панельдік сессия назары геномика мен дербестендірілген медицинаның мүмкіндіктері мен мәселелеріне бағытталады. Ал панельдік сессияның екінші бөлігі биоинформатикаға арналады.

Конференцияның екенші күнінде ғаламдық денсаулықтың келешектегі зерттеу жұмыстары және оны тәжірибеде қолдану мәселесі қаралатын болады.

Соңғы жаңалықтар