Астанада Джей Лоның концертінде тәртіп бұзған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Дженнифер Лопестің Астанада өткен концертінде қоғамдық тәртіпті бұзған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Дженнифер Лопес концертіне дайындалып жатыр
Фото: Дәулет Ізтілеу

Әлеуметтік желілерде концерт кезінде түсірілген бейнежазба тарады. Онда полицейлер бір әйелді оқиға орнынан көтеріп алып кетіп бара жатқаны көрінеді. Кейіннен бұл әйел Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасарының жары екені туралы ақпарат пайда болды.

Аталған жайтқа қатысты Астана қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.

— «Астана Аренада» өткен концерт барысында қоғамдық тәртіпті бұзған әйелге қатысты оқиға тіркелді. Қақтығыстың ушығуына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері оны іс-шара аумағынан шығарып жіберді. Тексеру нәтижесінде аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қосымша айта кетсек, бұл әйел ішкі істер органы қызметкерінің жұбайы болып табылады. Бұл оның әрекетіне құқықтық баға беруге ешқандай әсер етпейді. Керісінше, бұл жағдайда қоғам алдындағы жеке жауапкершілік арта түседі, — делінген Астана ПД хабарламасында.

Полиция өкілдері заң алдында барша азаматтың тең екенін, құқық қорғау органдары қызметкерінің отбасына тиесілі болу қандай да бір артықшылық бермейтінін атап өтті.

Ал Павлодар облыстық ПД бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартып, істің Астанада қаралып жатқанын алға тартты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада өткен Дженнифер Лопестің концерті туралы материал жарияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар
Референдум