Астанада екі қабатты сауда үйінен өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қызыл жалын Астана қаласы Мәскеу көшесі 9 мекенжайындағы сауда үйін шарпыған, деп хабарлайды қалалық ТЖД.
Ведомство мәлім еткендей, ғимараттың бірінші қабатындағы лак-бояу бұйымдарын сақтайтын жерден өрт шыққан.
— Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте дереу газ-түтіннен қорғау қызметі құрылып, нақтыланған мәліметтер бойынша Сарыарқа ауданы Мәскеу көшесі бойындағы екі қабатты сауда үйінің бірінші қабатында лак-бояу бұйымдарын сақтайтын үй-жайда 20 ш. м. алаңда өрт шыққаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ, өрттің себебі анықталуда. Сағат 17:40–та елордалық өрт сөндірушілер өртті толықтай сөндірді. Қызыл жалынды ауыздықтау үшін 5 негізгі және 1 арнайы техника тартылды, — деді Астана қаласы ТЖД ӨСКҚ жедел кезекшісі Қанат Мишелев.
Бұған дейін Жетісу облысында жылыту маусымы басталғалы 101 өрт тіркелгенін жаздық.