Астанада екі мемлекеттік Оқушылар сарайы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram әлеуметтік желісіне Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада тағы екі мемлекеттік Оқушылар сарайын — «TANYM ART» және «TANYM SPORT» көпфункционалды кешендері ашылғанын хабарлады.
Қала әкімінің сөзінше, олар балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Жалпы ауданы 12 мың 225 шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимараттардың әрқайсысында бассейн, спорт және концерт залдары, оқу кабинеттері, коворкинг-аймақтар және т. б. қарастырылған. Кешендерде STEM-технологиялар, техникалық және ғылыми шығармашылық, сол сияқты экологиялық-биологиялық бағыттар бойынша сабақтар өткізу жоспарланып отыр.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Жыл сайын жаңа мектептер, балабақшалар мен Оқушылар сарайларын ашамыз, — деп жазды ол.
Бүгін ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен және ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге Оқушылар сарайына бардық. Балалармен әңгімелесіп, орталықтың жұмысымен таныстық.
Іс-шараға белгілі спортшылар да қатысты. Олардың арасында дзюдодан әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Ташкенбай бар.
Жаңа мемлекеттік кешендер елордадағы қосымша білім беру инфрақұрылымын кеңейтіп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және қабілеттерін дамытуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, әр кешенде 100-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.
«TANYM ART» кешені Сарыарқа ауданындағы Бейбарыс сұлтан көшесі, 15 мекенжайында орналасқан. Ал «TANYM SPORT» кешені Алматы ауданының Төлеубаев көшесі, 3 мекенжайында ашылды.
— Осыған дейін қалада төрт Оқушылар сарайы ашылған болатын, олардың арасында жеке инвестициялар да қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз, — деп жазды Жеңіс Қасымбек.