Астанада елді сауда жасауға үйретемін деп алдап соққан әйел 5 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қылмыскер өзін онлайн-сауда және сатып алу саласындағы бизнес-тренер ретінде таныстырып, болашақ клиенттерді Instagram әлеуметтік желісі арқылы тартып, онлайн-саудаға үйрету курстарын ұсынған, деп хабарлайды Астана қалалық прокуратурасы.

Оқыту аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға тұрмыстық техниканы көтерме саудалауға қаржы салуды ұсынып, салынған қаражаттың 10%-ы мөлшерінде табысқа уәде берген. Алайда, төлемді алып, уәде еткен шарттарын орындамай, клиенттермен байланысын үзіп, жасырынған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының 50 млн теңгеден астам залал келтірген 10 эпизодтан тұратын алаяқтық қылмысын толық дәлелдеді.
Сот үкімімен кінәліге 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қала прокуратурасы алаяқтық жасағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанына назар аударады.
Осыған дейін СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдер туралы айтқан болатын.