Астанада еңбек дәстүрін насихаттайтын конкурсқа өтінім қабылдау жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын насихаттау мақсатында жыл сайынғы «Еңбек жолы» конкурсы өткізіледі. Конкурсқа еңбек әулеттері, жас мамандар және еңбек өтілі 20 жылдан асатын тәлімгерлер қатыса алады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.
«Еңбек жолы» конкурсына өтінім қабылдау 1 шілдеге дейін жалғасады.
Конкурс үш номинациядан тұрады:
- «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаттары ең көп әулет анықталады;
- «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын ең нәтижелі тәлімгер анықталады;
- «Өндірістің үздік жас қызметкері» – еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын ең белсенді әрі еңбекқор өндіріс қызметкері анықталады.
Конкурс туралы толық ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: 55-68-11, 55-68-34, 55-68-05 (Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы).
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана тақырыбындағы үздік журналистік жұмыстарға конкурс басталғанын жаздық.