Астанада эпидемиялық кезең басталып кетті — дәрігер

АСТАНА. KAZINFORM — Суық ауа райында вирустардың белсенділігі артады. Бұл туралы жалпы тәжірибелі дәрігер«Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Астанада эпидемиялық кезең басталып кетті — дәрігер
Фото: Видеодан алынған скрин

— Жалпы суық ауа райының келуімен эпидемиялық кезең басталады. Осы уақытта вирустар мен бактериялар белсенді түрде тарайды. Бір адамның екіншісіне жұқтыру қаупі артады. Әсіресе Астана қаласында бұл кезең қазірдің өзінде басталып кетті. Сол себепті 1 қазаннан бастап медициналық мекемелерде бетперде тағу ұсынылды, — дейді Жазира Қыдырбаева.

Маман вирустардан қорғану үшін вакцина салуды ұсынды.

— Қыркүйектің соңынан бастап бізге Ресейден вакцина келді. Оны медициналық қызметкерлер, балалар, жүкті әйелдер мен жиі ауыратын балалар сала алады. Зейнеткерлер мен есепте тұрғандар да жоспарлы түрде вакцинациядан өте алады. Бұл алғашқы жасанды иммундық жүйені қалыптастыру үшін жасалған профилактикалық шарамыз, — деді ол.

Дәрігер вакцина салдырғысы келмейтін азаматтарға табиғи иммундық жүйені сақтауға кеңес берді.

— Вакцинациядан бас тартқан жағдайда немесе қарсы көрсеткіштері болса, табиғи инмундық жүйені дұрыс тамақтану не қорғану арқылы сақтау қажет. Суықтан сақтану тек сыртқы киімді қабаттап кию емес. Бетперде тағып, медициналық мекемелерде, әсіресе ауырған адамдардың жанында барынша сақтанып жүру керек. Және ауырып үлгерсе, жұқтырған вирусының түріне қарай жеке ем тағайындау керек, — деді Жазира Қыдырбаева.

Студия қонағы вирус жұқтырған адамның белгілеріне тоқталды.

— Егер сіздің ауырған адаммен қолданған заттарыңыз тікелей қарым-қатынаста болатын болса, 2–24 сағат аралығында сізде де белгілері байқала бастайды. Себебі грипп жоғары контагиозды вирус. Адам гриппен ауырса, дене қызуы бірден 40 градусқа дейін көтеріліп, бас қатты ауырады. Дел-сал күй кешіп, бұлшық еттері ауырсынып, әлсіреп жатып қалады. Ал өзге вирустарда 1–2 күн алдын мұрыннан су ағып, тамақ ауруы сынды белгілермен басталады, — деді маман.

Айта кетейік, Павлодар аймағында жоғары патогенді құс тұмауы таралуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар