Астанада ерекше балаларға ұлттық қолөнер үйретіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада балалар мен жастарға арналған «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы өтіп жатыр. Үш апталық бағдарламаға 450-ден астам өтінімнің ішінен 208 қатысушы іріктелген.
Оларға ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тегін білім беріліп жатыр. Арасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті топ та бар.
Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырған.
Сабақтар 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында жүріп жатыр. Бағдарламаға зергерлік өнер, киіз басу, қыш және керамика, сүйек ою, кілем тоқу, тері және ағаш өңдеу сияқты дәстүрлі қолөнер түрлері енгізілген.
Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген қыш өнері де оқытылады. Арнайы топтағы қатысушылар сазбен жұмыс істеп, оны илеп, пішінге келтіру арқылы түрлі бұйымдар жасайды.
Қыш шебері Төлеген Намазбековтің айтуынша, бұл сабақтарда баланың дайын үлгіні қайталауынан бұрын, материалмен өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік беру маңызды.
– Қышпен жұмыс істегенде бала материалмен тікелей байланыста болады. Сазды қолымен ұстап, илеп, өз ойындағы дүниеге пішін береді. Бұл жерде бала өз қиялына еркіндік алады, – дейді шебер.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс кезінде олардың қабылдауы мен жұмыс қарқынын ескеру қажет. Сондықтан сабақта балаларды асықтырмай, материалмен танысып, өз бетімен байқап көруіне жағдай жасалады.
Шебердің пікірінше, сазбен жұмыс істеу ұсақ моториканы дамытуға, зейінді бір іске шоғырландыруға және бастаған жұмысты соңына дейін жеткізуге көмектеседі. Сонымен қатар қыш бұйымының дайындалу процесі баланы шыдамдылыққа үйретеді. Саздан жасалған бұйым алдымен кептіріліп, кейін арнайы пеште күйдіріледі, содан соң ғана дайын күйге келеді.
– Басты нәтиже дайын бұйымның өзі емес. Бала бір нәрсені өз қолымен жасап көрді, үйренді, қателесті, қайта жасап көрді. Ең маңыздысы – өз мүмкіндігіне сенді. Кейде балаға «сен жасап көр» деп мүмкіндік беру жеткілікті, – дейді Төлеген Намазбеков.
Жоба ұйымдастырушылары да инклюзивті бағыттың негізгі мақсаты балаларға ұлттық мәдениетке қатысуға және шығармашылық қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру екенін атап өтті.
– Инклюзияны біз тек арнайы жағдай жасау деп қабылдамаймыз. Ең бастысы – баланың шығармашылық үдеріске қатысуына, өзіне ұнайтын дүниені байқап көруіне және еңбегінің нәтижесін көруіне мүмкіндік беру, – деді «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының баспасөз қызметі.
Жобаға еліміздің әр өңірінен 331 қолөнер шебері өтінім берген. Республикалық іріктеу нәтижесінде олардың арасынан 10 шебер таңдалды. Олар қатысушыларға қолөнердің дәстүрлі технологияларын үйретіп, практикалық сабақтар өтіп жатыр.
Үш апта ішінде әр қатысушы таңдаған бағыты бойынша өз қолымен авторлық бұйым әзірлейді. Оқу барысында қажетті материалдар мен құрал-жабдықтар тегін беріледі.
12 тамызда «Ұлттық қолөнер мектебінің» қорытынды көрмесі өтеді. Онда қатысушылардың оқу барысында жасаған жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, мектеп түлектеріне сертификаттар табысталады.
Айта кетейік, бұған дейін, елімізде 650-ден астам қолөнершінің бастамасына қолдау көрсетіліп келетінін жазған едік.