Астанада ерекше ұстаздар жұмыс істейтін мектеп туралы білесіз бе

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір мүмкіндігі шектеулі жандар, басқаша айтқанда ерекше жандар қоғамның белсенді мүшесі. Ерекше жандарға қатысты мәселенің бірі – еңбекпен қамту. Олар денсаулық жағдайына байланысты қалаған жұмысына тұра алмауы мүмкін. Соңғы жылдары елімізде ерекше жандарға назар аударылды, яғни құқығы қорғалып, еңбек етуіне, ел өміріне белсенді араласуына жағдай жасалып жатыр. Бүгін – ұстаздар күні, мереке қарсаңында елордадағы №32 мектеп-гимназияның ерекше педагогтарымен тілдескен едік.

Педагог
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

Аталған мектепте барлығы 10 мүмкіндігі шектеулі қызметкер бар. Оның ішінде 8 мұғалім және 2 күзетші ерекше жандар қатарында. 

Дина Джамбуршина
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

Соның бірі ұстаздық еңбек жолын елордадан үш шақырым жердегі Колутон ауылында бастап, аталған елді мекенде 25 жыл бала тәрбиелеп, білім берген. Жалпы жұмыс өтілі – 33 жыл. Жоғары білімді Қарағанды мемлекеттік университетінде алған, мамандығы – химия-биология пәнінің мұғалімі. 

«Алдымен топбасшы болдым, сосын химия, биология пәнінен сабақ бердім, кейін мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Кейін денсаулық жағдайыма байланысты Астанаға көшіп келдік, елордаға келгінімізге биыл 10 жыл болды», - деді Дина Джамбуршина. 

Ұстазға қойылған диагноз – ревматоидты артрит, бұл кез келген адамның шалдығуы мүмкін созылмалы аутоиммунды ауру.

Дина Джамбуршина
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

«Ауылда тиісті деңгейде ем алуға, мал бағып, шаруа жүргізу қиынға соқты, сондықтан отбасыммен ақылдаса келе көшуді жөн көрдік, дегенмен өзіме ауыл ұнайтын. Астанаға келгенде бірден жұмыс таба алмадым, бірақ жұмыссыз қалмадым. Үш жыл жеке оқу орталығында оқушыларды биология, химия пәнінен ҰБТ-ға дайындап, дәріс бердім. Кейін осы мектепте бос жұмыс орны шығып, мені қабылдады, 5 жыл жұмыс істеп келемін», - дейді ол. 

Әңгіме барысында ерекше жанды ұстаз әзілге жақын екенін айтып қалды, ол мектепішілік іс-шараларға белсене қатысып КВН ойнайды. Бірақ, әзіл орнымен айтылуы тиіс. Одан бөлек, қолөнер шеберлігімен айналысады және торт пісіргенді ұнатады. 

«Менің денсаулық жағдайымды оқушылар біледі, олар сабақ кезінде, сабақтан тыс кезде де үнемі қол ұшын созып, көмектеседі, қолдау көрсетеді. Оқушылардың қолдауы мені қанаттандырады», - дейді мұғалім. 

Осы мектептің тағы бір мұғалімі, ерекше қажеттілігі бар жан Әли Асқарұлы. Ол Қостанай облысы Торғай қаласының тумасы, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Мамандығы – география пәнінің мұғалімі. 

Әли Асқарұлы
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

«Жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом алған соң жастар практикасы бойынша 6 ай білім беру орталығында жұмыс істедім. 2022 жылдан бастап осы мектепте ұстаздық етіп келемін. Сонымен қатар, қазір Еуразия ұлттық университетінде өз мамандығым бойынша магистратурада (ІІ курс) оқып жатырмын. Ұстаздық жолды таңдауыма отбасымның ықпалы зор, себебі атам мектеп директоры болған, әке-шешем де педагог, әкем орыс тілі пәнінің мұғалімі, анам психолог әрі бастауыш сынып мұғалімі. Мен сол жолды жалғастырғым келді», - деді Әли Асқарұлы. 

Жас маманның айтуынша, ұстаздық жолды таңдаған адамға үлкен жауапкершілік жүктеледі. 

«Әр сабағымды заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып өткізуге тырысамын. Алдымен балалармен жұмыс істеп, қызықтыру қажет, әйтпесе сенің сабағыңа немқұрайлы қарайтын болады. Сондықтан балалардың тілін тауып, арасында сабақты ойын түрінде де өткізіп тұрамын», - деген пікір білдірді. 

Әли күнделікті сабақтан бөлек, оқушыларды пәндік олимпиада және ғылыми жобаларға дайындайды. Оқушыларының жетістіктері де бар. 

«Біздің мектепте жас мамандарға арналған түрлі семинар, дәрістер ұйымдастырылады. Ол жерде білікті ұстаздар өз тәжірибесімен бөліседі. Әрине, мен жас маман болғандықтан үйренерім көп, қалмай қатысамын. Одан бөлек, қалалық деңгейдегі біліктілікті арттыру курстарына барып, тәжірибемді арттырып жүрмін. Бірден айту керек, мұғалім болу оңай емес, өте жоғары жауапкершілікті талап етеді. Себебі біз мемлекеттің болашағын жалғастыратын азаматтарды дайындап жатырмыз. Сол себепті педагог мамандығын таңдар алдында жақсылап ойланған абзал», - деп толықтырды жас ұстаз.

Соңғы жаңалықтар