Астанада есірткі интернет-дүкенін ұйымдастырушылардан 12 келіге жуық есірткі тәркіленді

 АСТАНА. KAZINFORM - Ішкі істер министрлігі есірткі сататын интернет-дүкендерді жою бойынша тиімді шаралар қабылдап жатыр. Елордада «Пепе» интернет-дүкені арқылы есірткі таратумен айналысқан 30 жастан асқан бес ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

есірткі
Фото: Ішкі істер министрлігі

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, жалдамалы пәтерлерде күдіктілерді бір мезгілде қолға түсірді. Қылмыстық топ «ұйымдастырушы – буып-түюші – қоймашы – есірткі жасырушы» иерархиясы бойынша әрекет еткен.

Олар есірткі тұтынушыларды тәулік бойы марихуана, гашиш, каннабис шайыры және каннабис тобына жататын басқа да есірткі заттарымен қамтамасыз етіп отырған.

– Ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры қосылған печеньелер де болған. Салмағы 100 грамнан болатын осындай 238 дана ерекше кондитерлік өнім тәркіленді. Күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту кезінде жалпы салмағы 12 келіге жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры алынды. Бұдан бөлек, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электронды таразылар, брикеттер, вакуумдау және өлшеп-орау құрылғылары, түрлі түсті оқшаулағыш таспалар мен басқа да заттай дәлелдер тәркіленді, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов.

Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды.

Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, Ішкі істер министрлігі есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен есірткі жеткізу арналарына қарсы бағытталған іс-шараларды жалғастырады.

Осыған дейін Жамбыл облысынан Алматыға 113 келі есірткі жеткізген ағайынды ұсталды.