Астанада есірткі қылмысының digital-картасы іске қосылды

Дижитал карта
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада есірткіні тарату, сату, сатып алу және оны жасырын жарнамалауды жоюмен айналысатын арнайы сайт іске қосылды. Оған нашақорлыққа қатысты кез келген ақпаратты жіберіп, хабарлауға болады.

«Біздің қор Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының жобасын қолдап, көмектестік. Digital-картада еліміз бойынша нашақорлыққа қарсы ақпараттар бар. Кез келген адам есірткіні тарату, жарнамалау туралы ақпаратты көрсе, esbol.kz сайтына кіріп немесе Telegram бот арқылы бізге жібере алады. Өз кезегімізде бізге түскен ақпаратты құқық қорғау органдары өкілдерімен бірге анықтаймыз. Бұл жерде есірткіні сатушылар, таратушылар немесе жарнама жасаушылар ғана емес, оны сатып алушылар да анықталады. Сондай-ақ, қазір есірткіні QR код арқылы жиі жарнамалайтын болған, оларды жою бойынша да күрес белсенді жүргізіліп отыр», - деді «ESBOL» қорының төрағасы Жандос Ақтаев жаңа сайттың таныстырылымы барысында. 

Есірткімен күрес
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

Оның айтуынша, есірткі тарату туралы хабарлаған азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттардың құпиялылығы сақталады. 

«Біздің қор 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, ал нашақорлықты интернет арқылы тарату, насихаттаумен күресті 2021 жылы қолға алған. Енді картаны жасау арқылы мәселемен жүйелі түрде күреспекпіз. Еліміз бойынша волонтерлер бар, олар бізге түскен ақпаратты алдын ала саралайды», - дейді ол. 

Esbol.kz – карта нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады және қолданушылар есірткі қылмысына қатысты күмәнді мән-жайды бір сәтте жібере алады. 

Жоба авторларының айтуынша, картаны іске қосу азаматтық белсенділікті арттыруға және есірткі қылмысының таралуына қарсы күреске бағытталған. 

Карта Астана қаласында пилоттық режимде іске қосылды, сәтті жүзеге асқан жағдайда барлық өңірде енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар