Астанада этникалық театрлар фестивалі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Астанада еліміздің ұлттық этникалық театрларының республикалық фестивалі басталды. Шара барысында алты тілде қойылым көрсетіліп, оны халықаралық театр сыншылары бағалайды. EXPO-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған байқау елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың салт-дәстүрінен сыр шертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Шараның мақсаты - этносаралық келісімді нығайту және Қазақстан халқының бай мәдениетін одан әрі дамыту. Еліміздің әр өңірінен келген этникалық театр майталмандары қалыптасқан дәстүр бойынша қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Тілі басқа болса да, тілегі бір өнер иелері бұл жолғы фестивалге ерекше дайындықпен келіпті. Олардың арасында құрылғанына небары 14 жыл болған Оңтүстік Қазақстан облыстық Өзбек драма театры да бар. Жас ұжым әлем классиктерімен қатар қазақ драматургтерінің шығармаларын сахналап жүр.


Ұйымдастырушылардың пікірінше, ұлттық мәдени фестивальдер - бұл Қазақстанда өмір сүріп отырған және еңбек етіп жүрген әр ұлт өкілдерінің қазіргі заманғы таланттар шоғырын көруге мүмкіндік беретін айрықша оқиға, олардың шығармашылық қызметінің белгілі деңгейде қорытындылау мүмкіндігі, өзге халық мәдениетіне жақындау, біздің еліміздің әр азаматының жеке маңыздылығы мен қажеттілігі сезімі.

Фестиваль актерлер мен режиссерлер үшін даму, тәжірибе алмасу алаңы. Ол елдің тілдік және мәдени көптүрлілігін сақтауға, бір-бірін мәдени толықтыруға, Қазақстан халықтарының мәдениаралық сұхбатының одан әрі дамуына ықпал етері сөзсіз. Еліміздің этникалық театрлары өз сахнада мемлекетімізде тұратын барлық этностар өнерін насихаттайтын болады. Шараның басты мақсаты мәдени және тілдік алуантүрлілікті сақтау, этностар мәдениетінің өзара толысуы, елдегі этникааралық келісімді нығайту және Қазақстан халқының бай мәдениетін одан әрі дамыту болып табылады.

Фестивальге Құдыс Қожамияров атындағы  республикалық мемлекеттік академиялық  ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік  академиялық орыс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Астана Жастар театрлары қатысады.


Бір апта бойы Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары Л.Толстой, И.В. Гёте, А. Кекілбаев, А.Островский, Л. Соловьев сынды классиктердің қойылымдарымен танысады.  Фестиваль қойылымдары Оқушылар сарайы мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры   сахналарында көрсетіледі.

Әділқазылар алқасы «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік әйел ролі», «Үздік ер адам ролі», «Үздік сценография», «Екінші пландағы үздік әйел  ролі», «Екінші пландағы үздік ер адам ролі», «Үздік ұлттық драматургия» номинациялары бойынша үздіктерді анықтайды.

Соңғы жаңалықтар