Астанада этносаясатты дамыту перспективалары талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай «Конституция – әділет пен парасат жолы» тақырыбында дөңгелек үстел мен кітап көрмесі өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Іс-шараның мақсаты — Қазақстан Республикасы Конституциясы құндылықтары аясында құқықтық және этносаяси сауаттылықты арттыру, сондай-ақ қоғамдық диалогты дамыту болды. Бағдарлама аясында әділдік пен адам құқықтарын қорғауға, этносаралық келісімді және азаматтық қоғамды дамытуға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Президенттік орталықтың, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының өкілдері қатысты.

— Пікірталас барысында этносаясатты дамыту перспективалары, Қазақстан қоғамының құқықтық және моральдық негізі ретіндегі Конституцияның рөлі қарастырылып, бірлік, әділеттілік және азаматтардың құқықтық санасын нығайтудың маңызы атап өтілді. Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, өзара байланыс орнатудағы басым бағыттарды талқылады, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, жақында Мемлекеттік кеңесші этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізген еді.