Астанада фельдшерге қол көтерген айыпталушы 1,5 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша К.-ге қатысты үкім шығарды.

Скорая помощь Жедел жәрдем
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

2025 жылғы 29 қаңтарда Астанада жедел жәрдем фельдшері қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде, үйдің жанында бір адаммен жанжалдасып қалған. Сол кезде сотталушы К. фельдшерге қол көтеріп, оның басына зақым келтірген. Фельдшерге жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды. 

Сот процесінде К. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Прокурор оған 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын сұраса, жәбірленуші 3 жыл шектеуді және келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етті.

— Сот К.-ны кінәлі деп танып, жеңілдететін жағдайлар ретінде оның кінәсін мойындауын, өкінішін және жас баласының бар екенін ескеріп, 1 жыл 6 ай шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеттелді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, — делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.

Бұған дейін Теміртауда жедел жәрдем фельдшері соққыға жығылғаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар