Астанада Филиппин елшілігі ашылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Филиппин Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Лео М. Эррера-Лимді қабылдады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Лео М. Эррера-Лим Астанаға Қазақстан мен Филиппиннің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың екінші раундына қатысу үшін келді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және Қазақстан мен Филиппин арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ БҰҰ мен АСЕАН шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылды.
Мұхтар Тілеуберді елдер арасындағы саяси диалогтың оң динамикасын атап өтті. Атап айтқанда, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында қыркүйек айында Филиппиннің сыртқы істер министрі М.Т. Лазаромен өткен кездесуін еске салды.
Қазақстан тарапы Филиппиннің Астанада елшілік ашу ниетін құптады. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, тұрақты дипломатиялық өкілдіктің ашылуы екіжақты байланыстарды нығайтуға және практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты қолдауға және Қазақстан мен Филиппин арасындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға дайын екендерін растады.
Бұған дейін 1 қарашадан бастап Қазақстан азаматтары Бельгияға, Нидерландқа және Люксембургке қызметтік паспорттарымен визасыз бара алатыны хабарланған еді.