Астанада футболдан «Көктем-Күз 2015» ұлттық студенттік лига ойындары ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 18 сәуірде Назарбаев Университетінің спорт орталығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен «Көктем-Күз 2015» футболдан Ұлттық студенттік лига ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Астанада футболдан «Көктем-Күз 2015» ұлттық студенттік лига ойындары ашылады

2014 жылы футболдан Ұлттық студенттік лигаға Астана және Алматы қалаларының жоғары оқу орындарының командалары қатысса, биыл футболдан студенттердің ұлттық лигасы Қарағанды және Шымкент қалаларының жоғары оқу орындарының командаларымен толықты.

Аталған турнирге Назарбаев Университетінің, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің, Қазақ гуманитарлық заң университетінің, Тұран-Астана университетінің және Қаржы академиясының командалары қатысады. Одан әрі Студенттердің ұлттық лигасының көктемгі турнирі Қарағанды қаласында өткізіліп, Шымкент қаласында аяқталады, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Футбол федерациясы арасында білім беру ұйымдарында футболды дамыту жөніндегі өзара меморандум жасалды.