Астанада ғарыш техникасы элементтерін құрастыру және сынау үшін жоғары технологиялық кәсіпорын құрылатын болады

Бұл жөнінде Қазақстан мен Француз үкіметтері арасындағы келісімге 2009 жылғы қазанның 6-сында қол қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі (ЖҚЗ ҒЖ) жобасы жоғары және орта шешімді жер серіктерін және барлық қажетті жер үсті инфрақұрылымын құруды қамтиды. Осындай жүйе көмегімен алынған суреттер әр түрлі салаларда: қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдай және басқаларда пайдалану үшін қажет.
Осы Келісім шеңберінде құрылған кешен мемлекетіміздің қалыптасып жатқан ғарыш саласының басты элементі болады.
Келісім «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы түрінде Үкіметтен Мәжіліске бекіту үшін берілді.
Заң жобасы бойынша бас комитет ретінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті белгіленді.
Заң жобасын депутаттарға ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі таныстыратын болады.
Осы жобаны іске асыру ғарыш саласының 150-ге дейін жоғары біліктілікті мамандарын даярлауға, кешен құрылысы кезеңінде жұмыс орындарын 300 бірлікке дейін көбейтуге, кешен жұмыс жасау барысында жоғары біліктілікті мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге және толымдауыштарды өндіру және субмердігерлік қызметтерді көрсету жөніндегі экономиканың іргелес салаларында жұмыс орындарын бір мың бірлікке дейін ұлғайтуға жол ашады.