Астанада халықаралық бейнематериалдар байқауы мәресіне жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Біріккен ұлт жеңеді» атты V халықаралық бейнематериалдар байқауының жеңімпаздары марапатталды.

«Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» тақырыбымен жарияланған шығармашылық додаға Қазақстан оқу орындарынан басқа АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және Орталық Азия елдерінің 100-ден астам университетінен бейнематериалдар келіп түскен. Білім алушы жастардың жұмыстары тек тарихи тақырыппен шектеліп қоймай, ұлттың жады, бейбітшілік пен болашақ ұрпақтың рухани дамуы жөніндегі заманауи көзқарастармен ерекшеленді.
Байқаудың негізін қалаушы — профессор, кәсіби тележурналист, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлбосын Есенбекова. 2020 жылы пандемия кезінде профессор өзінің осы жобасын ұсынған сәттен бастап, байқау жыл сайын өзектілігін арттырып, жастар үшін шығармашылық еркіндік пен патриоттық рухты тоғыстырған маңызды платформаға айналған.
— Жасанды интеллект пен алапат цифрлық дауылдар дәуірінде қазақ медиасын әлемге таныту — басты миссиямыз болды. Бұл байқау — ойы жүйрік, сөзі өткір, жаңа заман журналистерін тәрбиелеу алаңы, — деді Ұлбосын Есенбекова.
Байқауға қатысушыларға Парламент Мәжілісінің депутаттары, ақын Қазыбек Иса мен Жанарбек Әшімжан жүрекжарды лебіздерін арнады.
Қазыбек Иса бұл жобаны «ұлттық идеологияны жаңғыртатын маңызды бастама» деп бағаласа, Жанарбек Әшімжан «байқау атауы — поэтикалық тіркес қана емес, ұлт болашағына сенім ұялататын ұран» екенін атап өтті.
Байқаудың ең жоғарғы марапаты — Гран-При Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Фариза Бауыржанқызына табысталды.
Айта кетелік журналистер бейбіт митинг кезінде қалай жұмыс істеуі керектігі туралы жазған едік.